Табыс көзі ауылда

0

Халқымыз төрт түлік малдың маңызын ертеден білген. Дәулетті адамдарды «төрт түлігі сай екен» деуі содан болса керек. Әсіресе, еліміздің көп жерін алып жатқан шөл және шөлейт жерлерге шыдамды түйе малының пайдасы ерекше болмақ. Түйе- мінсең-көлік, ішсең –сусын, еті-дәмді, жүнінен төсеніш жасап, киім тоқуға болады. Ауданымызда  түйе өсіріп, шұбат өндіріп отырған азаматтар жетерлік.

Оған мысал ретінде  Жайылма ауылының тұрғыны Алмагүл Қалова ауласындағы үш-төрт түйесін сауып, шұбат ашытып, халыққа сатып, өз нәпақасын тауып отыр.

Алмагүл апайды үйіне арнайы іздеп барғанымызда ауласында түйе сауып жатыр екен. Ер мінезді  апай әңгіме барысында :

— Мен үй шаруасымен айналысамын. Құр үйде отырмай бос уақытымды тиімді пайдаланайын деп түйе сауып, шұбат сатуға кірісіп кеттім. Бұл бастамамнан жаман болған жоқпын. Елдің ортасында бала-шағамның нәпақасына жұмыс жасап отырмын.  Түйе — төрт түлік малдың бірегейі. Денелі, шөлге шыдамды. Күшіне, төзімділігіне қарай халық оны «Қара жердің кемесі» деп те атайды. Шұбатты сатуда қиындық жоқ. Ауыл тұрғындары ішуге де, тойға да жиі алады. Сондай –ақ ауыл- аймақтардан және Тараз қаласынан да тұрғындар шұбатқа тапсырыс беріп жатады. Негізінен 4 түйені  үш мезгіл сауамын. Шұбаттың  1 литрі 500 теңге. Күн ара 10-15 литрін өткіземін. Сондай-ақ түйе жүнінен көрпе тігіп, шұлық тоқимын. Шұбатты түрлі аурулардың алдын-алу үшін де қолданады. Шұбат ауруларға ем. Оны ішкен бала организмі қалыпты өседі. Жасы келген кісілердің денсаулығы мықты болып, ұзақ жасайды. Өйткені, шұбаттың құрамында белок, май, тағы басқа қоректік заттар  мол. Шұбатты тек ем үшін ғана емес,  күнделікті тамақ үшін де пайдаланады.

Келер жылы есік алдына қияр, қызанақ, картоп егуді жоспарлап отырмын,- деді.

Иә, «Бақытын еңбектен тапқан», -дегендей, бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, өз кәсібін дөңгелетіп отырғанына дән ризамыз. Алмагүл апайға өз ризашылығымызды білдіріп, еңбегіне табыс тіледік.

С.Есқараев, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.