СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК НАЗАРДА МА?

0

Су-тіршілік көзі. Ол болмаса адамзаттың өмір сүруі мүмкін емес. Сонымен қатар, ата-бабаларымыздың от пен су – тілсіз жау деген ескертулерін есімізден шығармауымыз да керек. Күннің қатты ысығанынан аудандағы барлық су айдындарында демалушылардың саны күрт өсуде. Суда демалыңыздар, күштеріңізді және денсаулықтарыңызды нығайтыңыздар  бірақ, есте сақтаңыздар, судағы қайғылы жағдайлардың негізгі себебі азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін дөрекі бұзуынан немесе оны білмеулерінен болып

 табылады.

Биылғы суға түсу маусымына дайындық төңірегінде әңгіме тарқатқан едік.

Бұл бойынша Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы азаматтық қорғау майоры А.Дауылбаевтың аудан әкімдігі жиынында жасаған баяндамасында айтылғандай Жаңатас қаласы жедел құтқару бөлімшесінде штат бойынша 6 адам бар, қазіргі уақытта 4 құтқарушы қызмет атқарады. Бекітілген аумақ қалалық жағажай. Қамтылуы: 1 УАЗ автокөлігі, 1 моторлы, 2 ескекті және 1-үрмелі қайықтар, 4 қосымша сүңгуір аппараттары және 5 қосымша сүңгуір киімдері, 2 компрессор, 5 рация, 2 дүрбі, 2 құтқару шеңберлері, 1 құтқару арқаны, 15 құтқару жилеттері және т.б құтқару құрал-жабдықтары және дәрі–дәрмектермен жабдықталған.

Қазіргі таңда көл моторлы қайықпен бақылануда. Көл айналасына 20 ескерту және Байқадам ауылдық округіне қарасты Шабақты өзені жағасына, Жайылма ауылдық округіне қарасты «Бүркітті» су қоймасында, Досбол ауылдық округіне қарасты Талас көпірінде және Жаңаарық ауылдық округіне қарасты «Ақтоғай» өзені жағасына тыйым салу белгілері орнатылған.

Судағы төтенше жағдайлардың және суға кету оқиғасын болдырмау үшін, Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, аталған жерлерге жүзу білетін қоғамдық құтқарушыларды ұйымдастыру мақсатында, «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-сі арқылы 20 қоғамдық жұмысшылар бөлу жөнінде сұраныс хат жіберіліп, нәтижесінде шілде айынан бастап аталған мекемемен 5 адаммен келісімшарт жасау жоспарланған.

Сонымен қатар бөлім басшысы А.Дауылбаев:

-Жеке құраммен шомылу маусымы кезіндегі қолданылатын құтқару жаттығулары бойынша практикалық шаралар қолға алынған. Көлге келген демалушылармен әрдайым суға түсу кезіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шомылу маусымы басталғалы бері көлге келген демалушыларға құтқарушылар тарапынан әр түрлі сипаттағы 25 ескерту берілген. Апатқа ұшырағандар жоқ, ал былтыр 1 адам қаза болды.

1 маусымнан бастап, әр аптаның сенбі, женсенбі күндері аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, судағы төтенше жағдай-ларды болдырмау, адам өліміне жол бермеу мақсатында суға шомылуға тыйым салынған, жабдықталмаған су айдын учаскелерінде тұрақты бірлескен рейдтер жүргізілуде. Ауданда орналасқан адамдар жаппай жиналатын, білім беру объектілерінде халықпен «Судағы қауіпсіздікті сақтау» ережесін және су айдындарында қауіпсіздікті сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылды және аудандық «Сарысу» газетінде 2 мақала жарияланды,-деді.

Алайда, су айдындарына шомылу маусымы басталғалы бері тұрғындармен немесе мектеп оқушыларымен кездесудің өткенін, не практикалық жаттығу жұмыстарының жүргізілгенін көрген ешкім жоқ. Іс-шараның өткендігі туралы бірде-бір мәлімет газет бетіне жарияланған емес. Тек судан сақтану керектігі туралы маман кеңестері берілді. Барлығы қағаз жүзіндегі мәліметтер. Қағаз жүзінде біз қыруар жұмыс жасаймыз, дәлдігіне келгенде іс жүзінде ештеңе өтпегені байқалып-ақ тұрады.

Сол себепті су айдындарын өз көзімізбен көріп келу мақсатында, бірқатар халық көп баратын су бөгеттеріне барып қайтқан болатынбыз. Одан көргеніміз, жасалған жұмыс көңілден шықпады. Атап айтар болсақ, Ақтоғай ауылының маңындағы «Ақтоғай» өзеніндегі және «Ынталы» су қоймасындағы ескерту тақтайшалары көненің көзіндей көнеріп тұрған дүние.Жыртылып, тозығы жеткен. (Суретте) Шығанақтағы үлкен Қамқалы көлінің айналасында бұрыннан жоқ ескерту тақтайшалары әлі де жоқ. Баяғы жартас-сол жартас.

Жаңатас қаласындағы «озера» деп аталып кеткен шомылу айдынына жылдағыдай биыл да адам көптеп баруда. Сол себепті Жаңатас қалалық «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінде болып қайттық. Әдеттегідей бұл аты алатау-дай мемлекеттік мекемеден де мардымды ешқандай жауап ала алмадық. Айталық, суға кеткен адамдарды құтқару кезіндегі оттегі беретін құралдың ескіргендігі, дәрі-дәрмек қобдишасындағы дәрілердің мерзімі өтіп кеткендігі, кезекшілікте бір ғана кезекшінің болатындығы секілді кемшіліктер жоқ емес.

Бұған қоса су астындағы көзге көрініп тұрған балдырлардың өсіп кеткендігін, жағалауындағы қамыстардың қаптап кетуіне байланыс-ты сұрағанымызда, соңғы 5 жылда су айдынына тазалық жұмыстары жүргізілмегендігін еске салды.

Күннің ыстығында кешкілік уақытта демалушы тұрғындардың мас күйінде келіп, суға түсетіні белгілі. Бірақ, аталмыш мекеме қызметкерлері кешкі сағат 20:00-ден кейінгі уақытта жұмыс жасамайтындықтарын айтты. Сонда түнгі мезгілде қауіпсіздік жағдайына кім жауап береді?

Сонымен қатар, Жаңатас қалалық «Жедел құтқару жасағы» мекемесінің басшысы Мұхит Есентаевпен хабарласқанымызда биылғы маусым айының 1-нен бастап 32 адамға ескерту берілген. Оның көбісі жасөспірімдер болған. 2 рет мас күйінде келген азаматтарға ескерту жасалған. «Келіп демалушылармен түрлі түсіндіру жұмыстарын өткізіп тұрамыз» -деді. Бірақ сол ескерту алған азаматтардың аты-жөндері жазылатын арнайы журнал өткен 2018 жылы толтырылғаннан тоқтап қалған. Яғни, журнал жүргізілмеген. Өткен іс-шаралардың фотосуреттерін де көрмедік. Бұл бойынша жергілікті полиция қызметкерлеріне жедел құтқару мекемесімен қаншалықты хабар алып тұратындықтарын және бірлесіп жасаған жұмыстарын білу мақсатында  хабарласқанымызда олардан да мардымды жауап ала алмадық. Айтатын ауыз айтады-ау, бірақ көрер көзге көрінетін дәлелдеме жоқ. 

Осы орайда, айта кететін жәйт суға қатысты арнайы баннер Амангелді көшесінің бойында ілулі тұрса, «озера» су айдынына баратын Әулие ата көшесінде басқа мәліметте жазылған баннер ілулі тұр. Бұған кім жауапты. Жаңатас қаласы әкімдігінің қызметкерлері қарапайым ескерту баннерлерін ажырата алмағандығы ма?

«Сақтықта қорлық жоқ». Әрине, әрбір тұрғын суда шомылып жақсы демалғысы келетіндігі сөзсіз. Бірақ, суда шомылу туралы ережелер мен қарапайым қағидалар біреудің өмірін құтқарып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, судағы қауіпсіздік ережелерін және алғашқы көмек көрсетуді әркімнің білуі жөн. Себебі, қайғылы жағдайлардың орын алуы судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау және балаларды қараусыз қалдырған ересектердің жауапкерші-лігінің төмендігінен болады. Сақтансақ сау боламыз.Гүлнара Байбосынова, «Сарысу» 

Leave A Reply

Your email address will not be published.