Қасиетті мекенге саяхат

0

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған өлкетану ісін дамыту мәселесін  мұғалімдер қауымы толық қолдайды.  Өлкетану жұмыстары тұлғаның дүниеге деген дұрыс көзқарасын қалыптыру мен сенімін нығайтуға негіз болады.

Осы орайда Сарысу орта мектебінің ұжымы жоғары сынып оқушыларын Түркістан қаласына саяхатқа апарды. Экскурсияның мақсаты: оқушыларға тарихи-өлкетану мұражайы туралы түсінік беру, оқушылардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттерін арттыру, туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдау және дамыту, оқушылардың бойында ата-бабаларына деген құрмет сезімді және өзінің туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу болды. Саяхат сабағы Созақ ауданындағы Баба түкті Шашты Әзіз кесенесінен  бас-тау алды. Оқушылар кесене шырақшысымен тілдесіп, Әулие тарихынан мол мәліметтер алды.

Саяхат Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде жалғасын тапты.  Мектебіміздегі тарих пәнінің мұғалімі Қ.Қияшов оқушыларға қасиетті орынның тарихы мен кереметтері жайлы түсінік берді. Оқушылар  кесене тарихы төңірегінде  әр түрлі сұрақтар қойып, жас жеткіншектер білімдерін толықтыра түсті. Бұл саяхат жастардың туған елге, жерге деген патриоттық сезімін оятып, болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады.  Күн сайын көптеген адамдар легі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат ете келіп, көне тарихымыздың заттай куәсі болып табылатын құнды жәдігерлермен танысады екен. Экспозиция залдары бойынша жан-жақты зерттелген материалдар көрсетуге қойылыпты.Оқушылар  “Қылует” жер асты мешітін, “Жұма мешіт”, “Шығыс моншасы”, сегіз бөлімнен тұратын “Түркістан тарихы”, “Археология және этнография” мұражайларын көріп, тамашалады. Музей қорында 20 000-нан аса экспонат бар. Қордағы құнды экспонаттар берілген экспозиция тақырыбына сай қорық мұражайдың құрамындағы мұражайларда көрсетуге қойылған. Қазақ тарихында ерекше орын алған тарихи тұлғалардың бірі  Рәбия Сұлтан Бегім кесенесін, ашық аспан астындағы мұражай, т.б. тарихи құнды архитектуралық, археологиялық ескерткіштер оқушылардың өткен ата-баба тарихымен танысып, рухани құндылықтарды көзбен көріп, сезінуіне мүмкіндік берді. Өз елінің тарихын біліп, аңыз болып айтылып келген заттай дереккөздерін көзбен көру, сол зат тұрған кеңістікте тұрып, мәнді де, қызықты тарихын тыңдап, танып-білген мектеп оқушылары  үлкен бір қуаныш пен мақтаныш сезімін сезініп, рухани ғибрат алып қайтты.

Жазира Қадырбекова,

Сарысу орта мектебі

Leave A Reply

Your email address will not be published.