АУЛА ІШІНДЕГІ ШАРУАШЫЛЫҚ

0

Ауданда үй іргесіндегі алақандай ауланы табыс көзіне айналдырып отырған азаматтарымыз жетерлік. Сондай еңбекқор азаматтарымыздың бірі Саудакент ауылының тұрғыны – Асқар Тәкен үй ауласындағы 10 соттық жерге бау-бақша, көкөніс егіп, көпке үлгі көрсетуде. Әрине, маңдай термен тапқан нанның дәмі таңдайдан кетпейтіні анық.

Соны ерте түсінген Асқар жас кезінен-ақ жеміс ағаштарын және бау-бақшаны күтіп егумен айналысып, мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының «Жеміс-жидек, көкөніс және жүзім» бөліміне түсіп 1982 жылы бітіріп шығады.

Коммунар кең-шарында агроном  қызметін атқарады. Өзінің мамандығын жетік меңгерген Асқар кеңшарында жұмысына белсене кіріседі. Асқар бірде жеміс ағаштарына арықтан су ағызып жүргенде, кенеттен аяғы тайып кетіп, басынан соққы алады. Соған қарамастан, лабораторияларда жұмыс істеп жүреді. Кейіннен зейнеткерлікке шығады.

Жастайынан еңбекпен шыңдал-ған Асқар Тәкен ұл-қыздары Ахан, Жадыра, Сая және Әсеттерді еңбектен қашпауға, ауладағы жерге көкөністер мен жеміс ағаштарын егіп, баптап күтуге баулиды. Бүгінгі таңда, олар жоғарғы оқу орнын бітірген білікті азаматтар.

Ал, жолдасы Гүлшат Асылбекова үй шаруашылығын дөңгелетіп, сондай-ақ, қосалқы шаруашылықпен айналысып жүрген Асқар Тәкенге жеміс-жидектер мен көкөністерді баптап күтуге, арам шөптерден арылтуға көмектесіп отырады. Ал, ең кенжесі Әсет биыл он бірінші сыныпты бітіріп, әке жолын қусам деген арманы да бар.

Біз Саудакент ауылының тұрғыны Асқар Тәкенді іздеп барғанымызда үй іргесіндегі бау-бақшасының ішінен кездестір-дік.

-Өздеріңіз көріп отырғандай, ауланың ішіндегі жерге көкөністің қияр, қызанақ, сәбіз т.б түрлерін егіп, нәпақасын көріп отырмыз. Бүгін қияр, сәбіз, қызанақтың бірнеше жемісін ауыл орталығындағы базарға апарып өткізіп келдім. Жыл сайын көкөністің бірнеше түрлерін егіп, науқан барысында артық айтқаным емес 1 млн. теңгеге дейін табыс көзін тауып отырмыз.

Біздің еш қоспасыз таза өнімдерімізге сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. «Еңбек етсең емерсің»,- демекші кімде-кім жалқаулықтан арылып, ерінбей еңбек етсе, көл-көсір пайдаға кенелетіні ақиқат,-деді.

Үй іргесіндегі бау-бақшаны аралап жүріп, жайқалып жемісін беріп тұрған бау-бақшаға және ауласын жайнатып өсіріп отырған Асқар Тәкенге ризашылықпен қарап, еңбегіңіздің рахатын көріңіз деген тілекпен қайттық.

Құдайберген Мамбетов,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.