Қарабура әулиеге арналып ас берілді

0

XI-XII ғасырларда Ислам дінінің таралуына ықпал етіп, хақ жолын насихаттаған тұлға дүйім қазақтың ғана емес бүкіл түркі жұртының құрметтісі. Бабаның рухы ұлықталған бұл күні еліміздің барлық аймақтарынан тіпті көршілес қырғыз елінен де қонақтар келді. Қарабура әулиенің басында түркі жұртының игі жақсыларына арналған қорым бар.

Онда Мұхамед Пайғам-бардан бастап Арыстан баб, Қожа Ахмед Яссауи, Ысқақ баба, Баба түкті Шашты Әзіз бабалардың зираттарының басынан әкелінген топырақтар қойылған. Бұл еліміздің діңгегі бекем Ислам дініне деген құрметі. Түрік елінің ұлылары жатқан жерге, еліміздің түкпір-түкпірінен келген бауырлас ағайындар жыл сайын баба рухына бағыштап ас беріп, қонақасын таратады. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларындағы «Ұлы Даланың ұлыларын ұлықтау» бағдарламасы аясында беріліп отырған биылғы асты Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тама руының ұрпақтары берді.

Созақтың киелі топырағында өткен асқа келген қонақтар Қарабура әулие басындағы мешітке келіп, бабалар рухына тағзым етті. Шахи Ахмет мешітінің наиб имамы Бекзат Тынышбаев аруақтарға құран бағыштады. 

Баба басындағы қонақасы «Ұлы даланың ұлыларын ұлықтау» атты республикалық ғылыми конференциясымен басталды. Конференцияға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, мәдениет салаларының, дін істері және азаматтық қоғам өкілдері, жергілікті басқару органдарының басшылары мен асқа шақырылған құрметті қонақтар қатысты. 

Конференция барысында Қарабура әулие мәдени қорының президенті арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген Дуамбеков Мұсағали Сәрсенбайұлы ғылыми конференцияны ашып, келген қонақтармен таныстырып, жиынды жүргізіп отырды. Конференцияның алғы сөзін композитор, жазушы, публицист, өнер танушы, Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов айтып, Қарабура әулиенің өмір тарихына тоқталып өтті. ҚР Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, кино және театр актері, еліміздің мәдениет қайраткері, ел мақтанышы Асанәлі Әшімов Қарабура жайында қысқаша тоқталып, жылсайын әулие басында осындай ас беру шарасы өз деңгейінде өтіп жатқандығы қуантатындығын, ұрпақтарының осы дәстүрді жалғастырып тұру керектігін айтып, ұйымдастырушыларға алғы-сын айтты. онан соң, сөз алған Қарабура әулиенің Қырғыз еліндегі тарихи орны туралы «Халық және тарих жер су» Халықаралық қоғамдық қорының басшысы Темірқұлов Асан Андашович, Қарабура әулиенің тарихтағы және қазіргі таңдағы орны туралы республикалық Қарабура мәдени орталығының президенті Абишев Жаңабек Асанұлы, Қарабура әулие ұлт дүниетанымындағы әулие-сопылық үрдісі туралы «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары Мұсабеков Ерсін Кәрібайұлы, «Бір шежіре-бір тарих» бойынша  жоба жетекшісі, өлкетанушы-тұлғатанушы Рахымжанов Нұрлан Сұлтанұлы өз баяндамаларын жасаса, Қарабураның батырлық, хандық еңбектері туралы жазушы Бегімбай Ұзақбай тоқталып өтті. Онан соң, электрондық шежіре туралы ашық пікір алмасуды Назерке Халықова жүргізді. 

Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар арасынан 1997 жылы құрылған Қарабура әулие қоғамдық қорының жетекшісі Мұрат Жұмаділов, Ғаділбек Нұрашұлы сынды бірқатар азаматтар  әулие бабамыздың өмірдерегі мен басынан өткендерін, ол кісі туралы түрлі жазбалармен таныстырып, Қарабура әулие қолында-құраны, иығында-қыраны, өзі-елдің ұраны болған ірі тұлғалардың бірі екендігін, атақ-даңқы тарих шежіресіне таңбаланған әулие пайғамбарымыздың өсиетін пір тұтқан, үнемі қайталап отырған, дүниенің байлығына қызықпаған, бар өмірін имандылыққа арнаған жан екендігін Қожа-ахмет яссауидің өзі соңғы сапарға шығарып салуды қарабураға сеніп тапсыруы- соның дәлелі екендігін кеңінен айтып өтті.

Конференция соңында, түрлі ұсыныстар бойынша арнайы шешім қабылданып, қатысушылар бірауыздан мақұлдады. Жиын соңы, Қарабура әулиенің Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы ұрпақтарының берген асына жалғасты.  Кесене маңында жиылған халықтың қарасы қалың болды. Келушілер Қарабура әулиенің аруағына бағыштап құран оқып, дұға тіледі. Ас үстінде салиқалы әңгімелер айтылды.

Гүлнара Байбосынова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.