Жеке аулада да табыс бар

0

Бүгінде ауыл тұрғындарының әрбіреуінің ауласында азын-аулақ болса да жері бар. Құрамы дәруменге бай бақша өнімдерін өсіріп, баптап жүрген, бүгінгі кейіпкеріміз Ақтоғай ауылының тұрғыны Ырыскүл Сайрамбаева. Бақшамен айналысуды «бала-шағамның несібесі» деп, бау-бақшаны санайтын Ырыскүл апа, күні бойы үйінің алды артындағы бауды баптаумен, күтумен жүреді.

Өйткені, балаларының несібесі. Қол бос кезде ермек. Ал, үйінің айналасында бос жатқан жер жоқ деуге болады. Күзде пісіп, ауызға түсетін өнімнің неше атасы бар.  Өрік талдары майысып, пісіп тұр. Одан сататынын сатып, қалғанын қыста дастарханның көркі ретінде тосап, шөлдегенде шөлді басатын сусын жасап қояды. Кейіпкерімізді әңгімеге тартқан болатынбыз.

-Осы бау-бақшадан өзімізге қажетті өнімді аламыз. Алма, түрлі жеміс ағаштарымыз бар. Ол қыстық алма. Әр жыл сайын 20 қорапқа дейін дайындап аламыз. Сонымен қатар, орамжапырақ, картоп, қызанақ, баклажан, тәтті бұрыш еккенбіз. Уақытысы келгенде орталық базарға апарамыз. Қазіргі таңда, екі сиыр сауамын. Сүтті сауып, айран ұйытып, күбі пісіп, майын алып, құрт жасап дүкендерге қойып сатамыз. Аллаға шүкір, қазақ халқында «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,-деген сөз бар. Жаз бойы ерінбей еңбек етсең, жыл бойы рахатын көресің,-деді.

Ал, екінші кейіпкеріміз де Ақтоғай ауылының тұрғыны. Қазіргі таңда, бейнетінің зейнетін көріп отырған зейнеткер Есенкүл Елеусізова. Зейнеткермін деп үйде қарап отырмайды. Он бес сотық жері бар.

-Бақшаны күні бойы күтімге аламын. Арам шөптерінен тазартып, оны суарып, уақытымды зая кетірмеймін. 20 өрік талы, 50 түп қарақат бар. Теріп алған өріктерді, қарақаттарды және қиярды осылай базарға әкеліп сатамын. Өйткені, ол экологиялық таза өнім. Негізі өнімнің бәрі жерден алынады, тек ерінбестен еңбек етсең болғаны, жер-ана иіп сала береді.Бақшамызда күнделікті жеуге қажетті-қызанақ, қияр, орамжапырақ, қарақат, өрік, картоп еккенбіз. Қазір сұранысқа ие өрік, қарақатты әкеліп сатамын. Уақытылы піскенде алманы да саудаға шығарамын. Одан бөлек бақшамда жүзім, жеміс-жидектер бақтары бар. Оны өзіміз жеу үшін өсіремін. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырғанмын. Ал, маған қазір немерелерім көмектеседі. Сонымен қатар, қолдағы сиырды сауып, сүті мен айранын базарға әкеліп сатамын. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға керекті 15-20 мың қаражатты тауып отырамын. Рас, бақшаның ұсақ-түйек жұмысы көп. Оған ерінбейтін адам керек. Ал еңбек денсаулыққа пайдалы. Арам шөбін жұлып, шаруасын жайғасаң бұл әрі бала-шағаңа көмек, әрі өз денсаулығыңа пайдалы,-деді.

Халқымызда «артыңда мал қалғанша, тал қалсын»,- деген тамаша сөз бар. Демек, «адамның жасағанын адам жасай алады». Алма піс, аузыма түс демей ерінбей еңбек етсеңіз, ризық-несібеңіз үйіңізге  өзі келіп тұрады.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.