Мемлекетке қызмет-абыройлы міндет

0

Осы аптаның бейсенбісі күні, аудан әкімдігінің мәжіліс залында 23 маусым- Мемлекеттік қызметші және Қазақстан полициясы күніне орай, салтанатты жиын болып өтті.

Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қала және ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Лаура Игенқызы Нұрмаханова:

— Құрметті мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері! Сіздерді қатар келген кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен  құттықтаймын!

Мемлекеттік қызмет-бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.

Ауданымыздың қарқынды дамуы Сіздердің білікті мамандықтарыңызға, тәжірибелеріңізге, ұмтылыстар мен жiгерлеріңізге тікелей байланысты. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге артылады.

Бүгінгі таңда, аудан әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдарда 153 штат бірлігімен мемлекеттік қызметшілер жұмыс атқаруда, оның ішінде ағымдағы жылдың 6 ай ішінде 20 қызметші біліктілігін арттыру семинарында оқып, 9 қызметші қайта даярлау курстарынан өтті. Сондай-ақ, аудан көлемінде бос тұрған мемлекеттік әкімшілік қызмет орындарына барлығы 32 конкурс жарияланып, 16 азамат қызметке тағайындалды, оның 6-ның лауазымдары жоғарылатылды, 2 ауылдық округ әкімдері сайлау арқылы тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi-  Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Халыққа және мемлекетке қызмет ету – бәрiнен де абыройлы мiндет»,- деген сөзін басшылыққа ала отырып, мемлекеттік қызметкерлер алда-ғы уақытта демократияны және құқықтық үстемдiкті қамтамасыз етуге, елдi экономикалық дамытуға және бiздiң азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға барынша күш-жігерлерін салады деген сенiмдемiн.

Ал, полиция қызметкерлері болса, өмірлерін қоғамның тыныштығын сақтау, қылмыспен күресу сияқты аса жауапты саламен байланыстырған тәртіп сақшылары. Отанымыз Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресіп, даму жолында.Сіздердің адал еңбектеріңіздің жемісі мен игілігін көрулеріңізге тілектеспін!-деп, ыстық лебізін жеткізді.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №532 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің ант беру қағидаларына сәйкес, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жандарбек Әбдіқалықов ант берді.

Жас қызметшілерді құттықтаған аудан әкімінің орынбасары жаңадан тағайындалған маманның жұмысына табыс тілей отырып, Отанымызды өркендету ісіне барлық күш-жігері мен білімін жұмсайтындығына және Қазақстан халқына адал қызмет етеді деп, сенім білдіретіндігін жеткізді.

Мұнан соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын жиынға қатысушылар қосыла шырқады.

Мерекелік іс-шараға орай, мемлекеттік қызмет және құқық қорғау салаларында адал еңбек етіп, мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға үлесін қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында өткен аудандық спартакиада жеңімпаздарын Жамбыл облысы бойынша департаментінің және облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қанат Тілеубаев бірқатар мемлекеттік және полиция қызметкерлеріне  Сарысу ауданының және облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамоталары мен аудандық мәслихаттың Алғыс хатын тапсырды.

Камели Сүлейменова,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.