Мың алғыс сізге, анашым!

0

Мереке қарсаңында Жаңатас қаласы әкімі Сәкен Мамытов еңбек ардагерлерімен, көпбалалы және жеке кәсіпкер аналармен кездесті.
Шарада қала әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі: — Аяулы асыл жандар, мерекелеріңіз құтты болсын. Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып қала беріңіздер. Жанарларыңыз әрдайым нұр шашып, жүздеріңіз күндей күлімдеп жүрсін. Көңілдеріңіз көктемдей көрікті болсын! Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін,-деп аналарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар, гүл шоқтарын тарту етті.
***
Шағалалы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Құлжабековтың ұйымдастыруымен «Ана-асыл жан, мейірімін төккен» атты іс-шара өтті. Шарада мектеп директоры Б.Тәжибаев құттықтау сөз сөйлеп, ақ жаулықты аналарға бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтарын тапсырды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары ана туралы өлеңдер оқып, ән айтып, мың бұрала биледі.
Шара соңында аналар мектеп ұжымына табыс тілеп, алғыстарын білдірді.
***
Аудандық кітапханананың «Коворкинг» орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күніне арналған «Қызым, саған айтамын…» атты сыр-сұхбат өтті. Мерекелік іс-шараға № 5 Жаңатас колледжі студенттері қатысып, қазіргі қоғамда болып жатқан жат қылықтар талқыланды, қыздар тәрбиесімен ел болып, қоғам болып күресіп «қызға қырық үйден тыю» керектігі айтылып, қыздар талқысына салынды. Колледждің педагог-психологы Ж.Төлетаева қазіргі қоғамдағы ата-аналардың жұмыс бастылығы, қазіргі ақпараттық кезеңдегі қыз бала тәрбиесінің айырмашылығы мен жасөспірімдердің ерте тұрмысқа шығуының себеп-салдарын түсіндірді. Кітапхана қызметкері Р.Тажиева «Қыз қылығымен» психологиялық тренинг өткізіп, ойын аясында қонақтар өз құттықтау тілектерін жеткізді. Қонақ кәде сұралып, балалар кітапханасының меңгерушісі А.Қойлыбекова ақын Ф.Оңғарсынованың «Әйел» монологын, колледж студенті М.Сейдахметқызы А.Сыпабектің «Мама» әнін тарту етті.
«Коворкинг» орталығының меңгерушісі К.Оспанова Елбасымыздың: «Әйел-бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей- еліміз толық түзелмейді» деген сөздері әр қызымызға ой салса екен деген тілекпен іс-шараны аяқтап, кітапханашылар өз қолдарымен жасаған раушан гүлдерін қызғалдақтай құлпырған қыздарымызға тарту етті. Сонымен қатар «Ана мен қыз», «Қыз тәрбиесі» атты бейнероликтер көрсетіліп, қазақ қыздарына арналған әдеп-ғұрыптар мен ырым-тыйымдардан үзінділер айтылды.
***
Саудакент ауылдық мәдениет үйінде мерекеге арналған «Рахмет сізге, Анашым !» атты салтанатты жиын өтті. Жиында Байқадам ауылдық округінің әкімі Амантай Назарбеков көктемнің әсем мерекесі-Халықаралық әйелдер мерекесімен ауылдастарын, ақ жаулықты аналар мен қадірлі кыз-келіншектерді құттықтады. Мерекеге байланысты сала мамандарына марапат жасалып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, билер биленіп, ақ тілектер айтылды. Шара барысында З.Ниязбекова «Анамның ақ жаулығы», Ж.Ахажанова «Перзент парызы», Н.Халықов «Ана туралы жыр», Ұ.Хасанова мен Н.Дүйсенбиева «Мама», Н.Алтынбекұлы «Қыз бала-гүл», Ш.Берікбол «Әжетайым», А.Жиенбай «Тұлпарым», Ж.Хасанқызы «Мама», т.б. тамылжыта шырқаған әндері көпшіліктің жүрегінен орын алды. Әсіресе, «Айтұмар» би тобының мың бұрала билеген «Қазақ биі», «Ақбота» балалар бақшасының бүлдіршіндерінің биі, М.Мәжиттің М.Мақатаевтың «Ана» өлеңін мәнерлеп оқығаны көпшіліктің көңілінен шықты. Мерекеге орай ауыл әкімінің гүл шоқтары тарту етілді.
***
Аудандық мәдениет үйіне қарасты Ә. Бүркітбаев ауылдық клубы және «Жастар ресурстық орталығының» бірлесе ұйымдастыруымен 8 наурыз- Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Аяулымсың анашым» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шарада ана туралы әндер шырқалып, сахналық көріністер көрсетіліп, ақындар өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
***
Көктем шуағымен келетін аналар мерекесін Игілік ауылы кең көлемде атап өтті.Шоқай датқа атындағы орта мектеп ұжымының ұйымдастыруымен Игілік ауылдық клубында «Ана- өмір шуағы» тақырыбында кеш өтті. Кеште аулымыздың 39 «Алтын алқа», 20 «Күміс алқа» иегері атанған ардақты аналар шақырылып, оқушылардың өнерін тамашалап, қызықты кештің куәсі болды.
Мерекелік кешке Игілік ауылдық округінің әкімі А.Бердібаев, Шоқай датқа атындағы орта мектептің директоры А.Миллионов, Қамқоршылық кеңес төрағасы З.Абзалбеков, ата-аналар кеңесінің төрағасы М.Нәшірбаев және Игілік ауылындағы мекеме басшылары қатысып,аналарды құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп,сый-құрмет көрсетіті.Ақ жаулықты аналар ризашылықтарын білдіріп, көпшілікке батасын берді.
Игілік ауылдық клуб үйінде «Ана әлемнің жарығы» атты кеш өтті.
Шарада Игілік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы М.Жұматаев аналарды құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Шарада ауылдық балалар өнер мектебінің және «Балбөбек» бөбекжай бақшасының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, аналарға арнап ән айтып, би биледі. Күмбірлете күй шертіп, қонақтарды бір серпілтіп тастады.
***
Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ақтоғай және Ұ.Сыздықбайұлы ауылдарында Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай кең көлемде іс- шаралар ұйымдастырылды.
Ақтоғай ауылындағы клуб үйінің меңгерушісі Г.Бабанова мен кітапхана меңгерушісі Ж.Сапарбаеваның ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарына арналып, концерттік бағдарлама өтті. Іс-шарада ауылдық округ әкімі аппаратының бөлімше басшысы Ш.Райымжанов мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, ардақты аналарға сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Ақтоғай ауылдық ардагерлер ұйымының мүшесі Б.Жақыпов аналарды мерекелерімен құттықтап, демеушілік көрсетті.
Ұ.Сыздықбайұлы ауылдық клуб үйінде өткізілген мерекелік іс – шарада ауылдық округ әкімі аппаратының бөлімше басшысы Ш.Райымжанов және Сарысу орта мектебінің директоры Л.Шүкеева мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, ардақты аналар мен еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге сый-құрмет көрсетті. Сарысу орта мектебінің директоры Л.Шүкееваның, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Г.Жолшыбекованың және клуб үйінің меңгерушісі К.Жолшыбековтың ұйымдастыруымен «Өнерлі қыз, өнегелі ана» атты сайыс өтті. Сайыс жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
***
Досбол ауылдық клуб үйінде мерекеге орай салтанатты жиын өткізілді. Жиынды ауылдық округ әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ә. Ордабаев ашып, аналарды мерекемен құттықтап, ауылдық округтегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен қарт аналарға сый-сияпат жасады. Жиын соңы ауылдық клуб меңгерушісі Ж.Үсенбекова мен кітапхана меңгерушісі Г.Бизақова және жастар ісі жөніндегі инспекторы Б.Қыстаубаевтың ұйымдастыруымен «Ана-өмір шуағы» атты мерекелік концертке ұласты. Ардақты аналарға, асыл әжелерге, аруларға арнап әнші қыздарымыз Ереғұл Аяулым мен Асылхан Аружан «Анашым», «Ана туралы жыр», «Асыл әжем» әндерін шырқады. Базарбай Жанерке, Әбдірәсіл Інжу мен Кенжетай Ақбаян аналарға арналған жыр жолдарын арнады. Биші қыздар «Шашу» биін тарту етті.
***
Жаңаталап ауылдық округі әкімінің аппараты, «Жастар ресурстық орталығының» жастар инспекторы, клуб үйі, кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Жаңаталап ауылдық клуб үйінде мерекелік музыкалық сазды кеш өткізілді. Ауыл әкімінің марапаттауымен Жайханова Тойған, Жанбаева Нағипа және Сайлауова Аманбике аналарымызға сый-сияпат тапсырылды. Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұрхат Нұрғали жас отбасылар Дүртанова Балжан, Өтегенова Маржан, Пентаева Венера және белсенді жас 8-сынып оқушысы Айхан Алуаға сыйлықтар тапсырды. Марапаттау рәсімдерінен кейін кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Мереке қарсаңында ауылдық округ әкімі Нұрхан Ақмағанбетов Ұйым ауылының 99 жасқа келген тұрғыны, зейнеткер Панакүл Маханованы мерекесімен құттықтап, сый-сияпат және облысқа сіңірген еңбегі үшін «Еңбек» орденін тағып қайтты.
***
Жайылма ауылдық округ әкімі аппараты, клуб үйі, кітапхананың ұйымдастыруымен «Аналар-асыл жандар» атты мерекелік концерт өтті. Шарада Жайылма ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ш.Бейсенбайұлы ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтармен марапаттады.Шарада кітапхана оқырмандары ән мен күйден шашу шашып, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы,8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы Жайылма бастауыш партиясы мүшелері арасында эстафеталық ойындар өтті. Шарада 9 команда бақтарын сынады. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
***
Мереке қарсаңында аудандық ветеринария бөлімінің басшысы А.Оспанов және қызметкерлері Жаңатас қаласындағы саяжай және Дегерес елді мекеніндегі көпбалалы аналардың үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар көрсетті. Алтын құрсақты аналар елеп-ескеріп келіп жатқан басшыларға өз ризашылықтарын білдірді.
***
Абай атындағы орта мектебінде мереке қарсаныңда апталық өткізілді. Мектепте аудандық кітапхана орталығының қызметкері Л.Рахымбаева мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Л.Аблаева бірлесіп «Өмірдің иесі сен ғазиз ана» тақырыбында көрме ұйымдастырды. Аналарға деген баланың сүйіспеншілігі мен мейірімділігін арттыру мақсатында «Барлығы аналарға арналады» тақырыбында 5-9 сынып оқушыларының арасында сурет байқауы өткізілді. Байқауда суретті ең жақсы салған 8-сынып оқушылары Атейбек Досымжан мен Совет Қуат марапатталды. «Ананың махаббаты адамды жылытады» тақырыбында бірыңғай ашық тәрбие сағаты сыныптар арасында өтті. Іс-шараны қорытындылау кезінде мектептің педагог-ұйымдастырушысы мен тәлімгерінің ұйымдастыруымен «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» тақырыбында үлкен концерттік бағдарлама қойылды. Мектеп оқушылары іс-шараға толық қатысып, аналарға құрмет көрсетті.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.