Көрісу күні-қуанышпен бөлісу күні

0

БАСТАУЫН САН МЫҢДАҒАН ҒАСЫРЛАРДАН АЛАТЫН, БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДІҢ БАТЫС ӨҢІРІНДЕ САҚТАЛЫП ҚАЛҒАН ДӘСТҮР. 14 НАУРЫЗ-«КӨРІСУ КҮНІ» ДЕП АТАЛАДЫ. АЛ ХАЛЫҚ АРАСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ҚАРСЫ АЛУ ОСЫ КҮННЕН БАСТАЛАДЫ.
Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады.
Көрісу-тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, наурыз бойы жалғаса береді.
Біздің ауданымызда да бұл мереке жылдағы дәстүр бойынша көрініс тапты. Ағайын-туыстар бір-біріне барып, көшеде кездесіп қалған таныс жандар бір-біріне «Жаңа жыл құтты болсын!», «Жылдан-жылға жете беріңіз!»-деген тілектерін білдіріп жатты. Осы күні Дүйсен Иманмұқанұлы және Есқуат Ақтүйеліұлы, Артық Дәуітұлының отбасыларында наурыз көже пісіріліп, ыстық бауырсақтар ақ дастарханға шашылды. Келіндер үлкен кісілерге сәлем жасап, ата-әжелері ақ баталарын, тілектерін жаудырып жатты. Мол етіп жайылған дастархан басында ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жарандар бас қосып, қызықты әңгімелерден сыр шертіп, жеті түрлі дән қосылған наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болысты. 70-тен асып 80 жасты алқымдаған Гүлжахан апа:
-Мен ес білгелі Көрісу мерекесін тойлап келеміз. Күні кешегідей әлі есімде. Аналарымыз үстеріне жаңа көйлектерін киіп, ауыл жастары сән түзеп, үлкен үйден бастап сәлем беріп, көрісіп шығатын. Ренжіскен жандар бір-бірімен татуласып жататын. Қыздар жағы әсем дауыстарымен ән шырқап, жігіттер жағы күй тартып, ой тамаша етіп өткізетін,-деп сол күнді сағынышпен еске алды.
Иә, қазіргі таңда ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз ортамызға қайта оралып, кейінгі жастар оны әрі қарай жалғастырса, нұр үстіне нұр болмақ.

Аќ тілектер жоралєысы
Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық құндылықтарымыздың бірі — Көрісу күніне орай Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, әз — Наурыз» атты іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты: кеш қонақтарына қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі — Көрісу күнінің немесе Амал мерекесінің ерекшелігімен таныстыру, ұлттық дәстүр туралы білімдерін одан әрі дамыту және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, сыйластыққа баулу.
Бұл күні ауыл үлкендері бір – бірімен амандасып, қол алысып, «Жасың құтты болсын!», «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» — деген тілектерін айтты. Байқадам ауылдық округінің бас маманы Ж. Құлыбеков құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға рахметін айтып, ризашылығын білдірді. Саудакент ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
«Ұрпақ азбасын, дәстүр тозбасын»,- деп 14 наурыз-Көрісу-Амал мерекесіне арналған кеш Қыдыр атаның батасымен қорытындыланды.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,
«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.