АУДАН ӘКІМІНІҢ ІССАПАРЫ

0

Аудан әкімі Б.Нарбаев жылдағы әдеті бойынша жаңа жыл қарсаңында аудандық  мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудан әкімінің бірінші орынбасары Олжас Көкей, аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы С.Дариябеков және мекеме  басшылырымен Қамқалы ауылдық  округіндегі  шаруа қожалықтарының  мал  қыстауларын  аралап қайту  мақсатында  аттанған болатын .

Аудан әкімі Б.Нарбаев аудан  орталығынан  180-200 шақырым  қашықтықтағы малшылардың  қысқа жем-шөптерінің  даярлығын, қыстан қымтырылмай шығу үшін шаруа қожалықтарының  қора-қопсыларының сақадай-сай болуын және  Қамқалы  ауылдық  округ әкімі А.Исабаевтың  шаруа  қожалықтарымен бірге  атқарып жатқан  жұмыстарымен  танысу мақсатында, сонымен  қатар  шаруа  қожалықтарының  отбасыларын жаңа  жыл мерекесімен  құттықтау үшін  демалыс күніне қарамастан ат басын  Шу өңіріндегі Қызыл  құмдағы қыстап жатқан  малшы  қыстауларын  аралаудан  бастаған болатын. Биік жал құмдардың  қойнауларына орналасқан шаруа  қожалықтарының ара қашықтықтары  30-70 шақырым қашықтықты алып жатыр.  Шөбі  шүйгін, сексеуілі мол, қыс  қыстауға  малға өте қолайлы мекен екенін  жота- жота  құмдардан  асқан сайын көзің жетеді.    Қамқалы ауылдық округінде 15 шаруа  қожалығы тіркелген.   Атап айтқанда : Аханбеков  Орманның шаруа қожалығында  1300 бас уақ мал, 65 жылқы ; Жусанбаев Нұрболат  60 уақ мал, 45 жылқысы, Қасымов Столбек 200 уақ малы бар. Сондай-ақ, басқа да шағын шаруа  қожалықтары да осы малға жайлы құмды алқапты  қыстап жатыр.

Біздің  ең бірінші ат басын тіреген жеріміз «Орман-77»  шаруа  қожалығының қыстауы болды.  Шаруа қожалығының  төрағасы О.Аханбеков шаруа қожалығының қысқа жем-шөптері, суы жеткілікті. Қора – қопсылары да шомнан жасалған. Малға жайлы. Қамыспен қораланған.  Шом қоралар  малдың аман-есен қыстан шығуына қолайлы.

Шаруа қожалығының азын- аулақ техникалары да сақадай- сай. Малды арнайы құдықтан  суғарады.  Шағын бөлмелі  үйлерде мал бағатын шопандар тұрады.  Үйлері жылы. Ауданның ауруханасынан барған екі фельдшер малшылардың балаларының және өздерінің  денсаулықтарын тексеріп, медициналық сақтандыру ережелерін түсіндіріп берді.

Дегенмен, «Орман-77» шаруа қожалығы малшыларының жататын орындарының  жағдайы  санитарлық –гигиеналық талаптарға сай емес. Мал бағып жатқан малшылардың жағдайларына да шаруа қожалықтарының  төрағалары жанашырлықпен қарап, киім-кешектермен қамтамасыз ету қажет.

Қазақтың ертеден келе жатқан «бақпасаң мал кетеді» демекші жалданып мал бағып жатқан шопандардың да жағдайларын жасап отырған абзал. Ол да етпен-сүйектен жаралған адам баласы. Жалпы аудан көлеміндегі  шаруа қожалықтарында  жалданып еңбек етіп жатқан жұмысшылардың  тамағына, киіміне жататын орнына, денсаулығына да баса назар аударған абзал.

Мал баққанға бітеді

Қазақтың ұлы даласында бабаларымыз мыңғырған төрт түлік малды  өсіріп баққан. Бала – шағасын асыраған. Мінсе көлік, кисе киім, ішсе сүт, жесе ет екенін жете түсінген ата- бабаларымыз малды аса жоғары қадірлеген. Амандық саулық сұрасқанда:

— Мал жаның аман ба?- дейді.

Төрт түлік малдың қадірін білген бабаларымыз малды қадірлеп, аялап өсірген. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп, ата-бабаларымыз бекерден-бекер айтпаса керек. Біз аралаған шаруа қожалықтарында мал бағып жүрген басқа ұлт өкілдері мен қатар басқа облыстардан, алыс елді-мекендерден келген жалдамалы жұмысшыларда еңбек етеді. Шаруа қожалығының төрағаларынан, ауыл әкімінен, неге округтердегі жұмыс таппай жүрген адамдарды, жастарды қой бағуға шақыруға болмай ма дегенімізде, ауылдағы жұмыссыз  жүрген азаматтар келмейді деп, азар да безер болды. Қойды жанын қинап баққысы келмейді, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргісі келеді.

Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп атап отыр. Сондықтан аудан көлемінде жастардан ұйым құрып, ауыл-ауылдардағы оқымай, жұмыс істемей жүрген жастарымызды мал бағуға тартуға баулығанымыз абзал деп есептейміз. Әке-шешеге масыл болмай, алғашқыда шаруа қожалықтарының малын бағып, малды бағудың  қыры мен сырын үйреніп, кейін өзі жеке шаруа қожалықтарын ашып жатса өте  тиімді де пайдалы емес пе.  Сондықтан осы мәселе төңірегінде  аудан жастарын  ойландыратын  арнайы жиындар өткізіп, іске кіріскен абзал деп есептейміз.  Аудан көлемінде мал шаруашылығына икемді  ауыл-ауылдардағы жас-тарды бір орталықтан оқытып, малды бағып-қағудың қыры мен сырын үйреткен абзал.

Биік құм жоталардан асып, бірнеше шақырым жүрген соң «Рәшев» шаруа қожалығына бардық. Шаруа қожалығының төрағасы Есенқали Рәшевтың өзі бізді қарсы алды.

Аудан әкімі Б.Нарбаев  шаруа қожалығының жем-шөбімен, қора –қопсысымен танысып болған соң, шаруа қожалығының төрағасы Е.Рәшевқа, шаруа қожалықтарын аралаудағы мақсатын айтты:

— Қамқалы ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының қыстан қымтырылмай шығуына,  мал-жандарының амандығына,  мал бағып жатқан адамдардың медициналық сақтандыруының болуына, қолында дүние мүліктерінің, техникаларының тіркелуіне баса назар аудару керектігіне тоқталды. Қыс қатал болғанда   жем-шөптен тарықпау үшін, жем-шөпті артығымен даярлауды да  естеріне салды. Сондай-ақ, аудан басшысы жаңа жыл мерекесіне қарсы арнайы келіп, хал-жағдайларын біліп, жаңа жыл мерекесімен құттықтап, балаларына жаңа жылдық сыйлықтарын тапсыруды да естен шығармады.

Он жеті жасынан мал бағумен айналысып келе жатқан «Рәшев» шаруа қожалығының төрағасы Есенғали Рәшевпен әңгімелескенімізде:

— Мектепті бітірісімен әке-шешем мені мал бағуға икемдеді. Өзім де мектепті бітірген соң, «көрпеңе қарай көсіл» демекші, мал бағуды қаладым.  Сөйтіп, жастайымнан мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Бүгінгі таңда ағайындармен кеңесіп «Рәшев» шаруа қожалығын ашып, мемлекеттен жыл сайын мал басына субсидия алып жатырмыз. Жағдайымыз жақсы. Қора-қопсы, жем-шөп жеткілікті.  Өздеріңіз көріп тұрғандай  техникаларымыз да сайма-сай. Қыстаудағы малға қасқырлар келетіндей болса, екі мотоцикл бар. Бірақ әзір қасқыр мазалаған жоқ.

Ауылда сенделіп жүрген жастарға қайран қаламын. Мал баққысы келмейді. Қиындықтан қашады. Ертең әке-шешесі кетсе, бала-шағасын кім асырайды? Сондықтан менің жастарға айтарым қиындықтан қашпау керек. Мал бағудың қыры мен сырын үйрену қажет. Бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан кәсіп. Мал бағуда өнер. «Мал баққанға бітеді»,-деген бабалар сөзін бір сәтте ұмытпағанымыз абзал,-деді. Отыздың қырқасынан енді ғана асқан Есенғалидың жігері мен еңбекқорлығына дән риза болдық. Осындай Есенғали Рәшев сияқты азаматтарымыз  ауданның мал шаруашылығын өркендетуге мол үлестерін қосатынына сеніміміз мол.  Төрт бөлмелі үйдің іші жып-жылы, балалары ойнап, күліп жүр. Үйдің іші мұнтаздай таза. Электр шамы жарқырап тұр. Ешкімге алақан жайып жатқан жоқ. Ағайындармен бірге мыңғырған қой бағып, төрт түлік малдың арқасында барлық жағдайын жасап алған.

«Рәшев» шаруа қожалығын артқа тастап, биік құм-жоталардан асып, қасқырлар кейбір шаруа қожалықтарына тиіп жатыр деген қаңқу сөзді естіп, біраз жерді шарлап, ешқандай қасқырды кездестірмей күре жолға шықтық.

Қорыта айтқанда, ата-бабамыздың ертеден кәсібі болып келе жатқан мал шаруашылығымен айналыспау қазаққа сын. Оқуға бармаған ауылда босқа сенделіп жүрген жастарымызға айтарымыз  «Рәшев» шаруа қожалығының төрағасы Есенғали Рәшевтың еңбек жолынан үлгі-өнеге алғандары абзал.

Қ.Смайылұлы, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.