«Қазақ» деп соққан жүрегі

0

Жасым жетпіске таяп қалсада Денистің өліміне байланысты үн қатпай отыра алмадым. Мен саяси, деректі, тарихи хабарларды көргенді ұнатамын. Жаздың жайма шуақ күндерінде Алматы қаласында тұратын балаларыма қыдырып келіп жатқанмын. Сол күні бір немерем жүгіріп келіп:

-Апа, Денисті пышақтап кетіпті,-деді. 1 сағат өтпей тағы да,- Денис қайтыс болыпты, –деп мұңайды.

Денистің өлімі қазақ халқын есеңгіретіп кетті десем артық болмас. Оның «Қазақ Спорт» арнасында берген ұзақ сұхбатында, екі сөзінің бірі «Қазақстан», «Менің Қазақстаным» деген сөздерді жиі естігенде, жүрегің елжіреп, көңілің босайды екен. Қазаққа берілген нағыз ұлтжанды азамат екенін түсінесің.

Денистіңде өсу жолы көз алдымызда өтті. Сымдай тартылған денесімен, езу тартқан риясыз пәк күлкісі көз алдымызда. Өткен аптада «Жетісу» телеарнасы Денис туралы берген хабарында, шет елде ертеректе болуы керек, картада жоқ мемлекеттің өкілі Денис Тен бірінші орын алды деп хабарлапты, сол кезде Денис, мен Қазақстанды әлемге танытатын боламын –деген екен. Азамат сөзінде тұрды. Қазақстанды әлемге танытты. Көк байрағымызды бірнеше рет көкке көтерді. Жүрегі қазақ деп соққан, жүрегі жұмсақ, нәзік еді. Отан дегенді білмейтін, бір күндігін ойлайтын, көше кезді қаңғыбастың қолынан, Алматының қақ ортасында, шаңқай түсте қаза болуы тіпті өкінішті-ақ. Олардың қазақ болуы тіпті өкінішті. Айтуға сөзім жоқ. Атымызға үлкен сын болды.

Бұрынғы Әміре Қашаубаев, Мұстафа Шоқай, Қажымұхан аталарымыздың, Күләш апаларымыздың жұмбақ өлімін былай қойғанда Мұстафа Өзтүрік, Талғат Нығметуллин, Бекзат Саттарханов, Оразәлі Досбосынов, Артығали Ыбыраевтардан аймен күннің аманында айырылып қалған жоқпыз ба?

Жүзі басқа болса да жүрегі бір, түрі басқа болсада тілегі бір: Геннадий Головкин, Илья Ильин, секілді батырларымызды, қандастарымыз Қанат Ислам, Данияр Елеусинов, Бейбіт Ыстыбаев, әнші Мейрамбек Бесбаев, әлем таныған Димашымызды қолдан қорғап жүрейікші ағайын. Олар халық қазынасына қол салған, байыған, мансап қуған, байлығын сиғыза алмай, шетел асырған, қу басының қамын ойлағандардың қатарынан емес, табан ақы, маңдай терімен, таза еңбекпен өскен азаматтар – деп, есептеймін.

Сөзімнің  соңын:

«Мұз үстінде ойнақтаған қайран киік,

Қандай адам атты екен көзі қиып»-деп, аяқтағым келеді.

Қ.Бексұлтанова, зейнеткер,

 «Күміс алқа» иегері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.